"Ақмола облысы білім басқармасының Зеренді ауданы бойынша білім бөлімі Чаглинка станциясының негізгі орта мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение "Основная средняя школа станции Чаглинка отдела образования по Зерендинскому району управления образования Акмолинской области"

СоцСети

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

« Абайдың рөлі менің өмірімде » тәрбие сағаты

19.03.2020

Сабақтың тақырыбы:   « Абайдың рөлі менің өмірімде » 9 «а» сынып

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: Абай қара сөздерінің тәрбиелік мәнін түсіну, адамгершілік тәрбие берудегі ақынның философиялық шолуларының маңызын түсінуге үйрету, жиырма тоғызыншы қара сөзінің мазмұнын меңгерту.

"Тәрбие сағатының мақсаты:-Ұлы ақынның 175 жылдығына орай ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, шығармаларына шолу жасау, өлеңдерін, әндерін мәнерлеп айтқызу. -Абай шығармашылығын сүйіп оқуға, өмірін, қасиеттерін үлгі ете отырып, білім-ғылымға құмарларын арттыру.-Жас ұрпақты Абай шығармашылығын танып өсуге тәрбиелеу, адамгершілікке, табиғат әсемдігін түсінуге тәрбиелеу

Әдіс- тәсілдері: Сұрақ- жауап, баяндау, түсіндіру, өлең оқу, ән айту, көрініс көрсету

Көрнекілігі:  Абай портреті,  кітаптар, шығармалары, тірек сызбалар, қанатты сөздер, фотослайдтар.

Техникалық жабдықталуы: ноутбук, проектор

Пәнаралық байланыс: қазақ тілі және әдебиеті, музыка

Күтілетін нәтиже: Рухани адамгершілік тәрбие беру арқылы мейірімділікке, инабаттылыққа баулу.Ән тындау. «Желсіз түнде жарық ай»Балалар, кімнің әнін тыңдадық?Тақырыпты таныстыру,мақсатын қою. Мұғалімнің кіріспе сөзі- Балалар, бүгінгі сабақта біз қазақтың ұлы ақыны Абай атамыз туралы ой бөлісеміз. Жазушы, қоғам қайраткері Мырзагелді Кемел: «Мен қазақты үшке бөлер едім. Біріншісі - Абайды оқығандар, екіншісі – Абайды оқысам деп жүргендер, үшіншілер – Абайды оқымағандар»деген екен.- Балалар, сендер осының қайсысына жатасындар?

Оқушылар жауабы:- Біз бірінші топқа жатамыз. Ұлылығы әлемге танылған Абай атаның шығармаларымен,қарасөздерімен танысып жатырмыз.- Біз кішкентай кезімізден бастап Абай атаның әнімен сусындап, жырларынан нәр алып келеміз.- Иә, халық тарихи дамудың қаншама биігіне көтерілседе Абайдың аты мен Абайдың сөзі әрдайым халықтың аузындағы жыры , көкірегіндегі иманы, санасындағы ар- ұжданы болып қала береді.

1-оқушы:Жүрегін шырақ етіп жандырған кім? Жырымен жан сусынын қандырған кім?    Өзіне –өзі орнатып ескерткішті,Мұра ғып, кейінгіге қалдырған кім?

2-оқушы: Ерте оянып , ойланып , ержеткен кім?   Талабын тас қияға өрлеткен кім?  Құбажан, құрбақан құм, құла қырда,   Өлеңнің бесігінде тербеткен кім?

3-оқушы:Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен кім? Үнінен әділдіктің лебі ескен кім?Арманын аттандырып келешекке ,  Біздермен осы күнгі тілдескен кім?

4- оқушы:  Тайсалмай, мыңмен жалғыз алысқан кім?   Жауына найза сөзін шанышқан кім?     Өзендей  құйған  барын көк теңізге,  Лермонтов, Пушкиндермен табысқан кім?

Мұғалім: Міне ,бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Қима қағаздар алып топқа бөлінеді.Талап, Өнер, Білім топтары  

1-топ: Талаптылар (топтың атын қорғау) Абай бір өлеңінде: "Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез" – деген екен. Біз өзімізді талаптылар тобына жатқызамыз

.2-топ: ӨнерлілерБіз, Абай әлеміне сапар шегіп қайтқалы отырмыз. Саяхат болғанда да Абайдың өлеңдеріне,әндеріне саяхат жасаймыз.

3- топ: БілімділерБіздің топ Абайдың әлеміне, Абайдың кемел ойларына саяхаттайды.

Мұғалім: Біреулерге болғанменен айдала,Басын иіп тәу етеді бар дана.Ұлы Абайды дүниеге әкелген,Құдіретіңнен айналайын, сардала- дегендей, дана,дара Абайдың туған жері туралы не білесіңдер?

1-оқушы:- Ұлы ақын 1845 жылы 10 тамызда – табиғаты тамаша Семей облысы Жидебай жерінде Шыңғыстау етегінде дүниеге келген. Негізгі хатқа түскен аты Ибраһим болса да, әжесі Зере еркелетіп «Абай» деп атап кеткен.2-оқушы. Абайдың атасы Өскенбай дала халқының әділ биі болған.3-оқушы. Абайдың әкесі Өскенбайұлы Құнанбай өз заманындағы атақ- даңқы алысқа кеткен беделді адамдардың бірі болған. Шешесі Ұлжан шешендікпен, тапқырлықпен аты шыққан.4-оқушы. Абай 10-12 жас аралығында мұсылманша оқып, хат таныған. Ал 12 жасындаСемейдегі Ахмет Риза медресесіне оқуға түседі. 14 жасында үш ай орыстың Приходская школасында орысша сабақ оқиды. 15 жасынан бастап, әкесіне көп көмегін тигізеді. Ел- жұрты Абайды би етіп сайлайды.5-оқушы. Абай – ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған адам.Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,Сонда толық боларсың елден бөлек,- дейді Абай ата.6-оқушы. 14 жасында сықақ өлеңдер шығарған. Ол жастар арасында кең таралған. Жаңа заманның ретімен Абай білімге ден қойып, араб, парсы, түркі тілдерін үйренді. Сол кезде шығыс тілдерін Абайдан артық білетін адам болмаған.Мұғалім: Біз абайтанудың бірінші баспалдағында тұрмыз,өмірімен таныстық(2-топ)Енді өзіміз білетін Абай атамыздың өлеңдеріне кезек берелік. Сонымен Абай аталарыңның қандай өлеңдерін білесіңдер?1- оқушы:«Құлақтан кіріп бойды алар» 2- оқушы:«- «Ғылым таппай мақтанба»3- оқушы:«Өлең – сөздің патшасы , сөз сарасы»4-оқушы: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім»5- оқушы:«Алланың өзі де рас, сөзі де рас»6-оқушы: «Әсемпаз болма әрнеге»7-оқушы: «Балалық өлді, білдің бе?»8-оқушы: « Қайран елім, қазағым, қайран жұртым»Мен ,жазушы,ақын Абай атамның «Ғылым таппай,мақтанба» өлеңін оқып берсем деймін.Мәнерлеп бір өлең оқиды.

Мұғалім: Балалар, Абай Құнанбаевті сонымен қатар аудармашы деп те айтамыз.Аудармашылығы туралы не айтасыздар?(1-топ)7-оқушы. Абайдың орыс әдебиетіне бет бұруына себепкер оның орыс достары Грось пен Михаэлис болды. Ол екеуі де Абай ауылында қонақта болып, Абайды орыс әдебиетімен таныстырған

.8-оқушы. Абай Пушкин, Лермонтов, Крылов, Толстой, Тургеневтің еңбектерін оқыған. Абай қазақ тіліне «Евгений Онегинді» аударды.

 9-оқушы: Абай аудармаларын зерттеушілер қазір орыс әдебиетінен оның елуден аса аударған өлеңдері барлығын айқындап отыр. Олардың ішінде лирикасы да, баснясы (мысал өлеңдер) да, ұзақ өлеңдері де, сатиралық лирикалары да бар

10- оқушы: Қазақ тіліне И.А. Крыловтың бір қатар шығармаларын аударды.Солардың ішінде «Қарға мен түлкі» атты басня екі түрлі вариантта аударылғанҚазір біз И. А. Крыловтың «Қарға мен Түлкі» мысалын тыңдап көрейік

.Қарға мен түлкі (И. А. Крыловтан)

Жұрт біледі, күледі, Сұрқия тілдің жаманын,Қошеметшілердің амалын.Сонда да солар қайда жоқ?Ептеп айтса, ересің,Артынан өкінсең де пайда жоқ.Ірімшікті ҚұдайымКез қылды бір күн қарғаға.Алып ұшып барды да,Қонды бір биік ағашқа.Үлкен олжа емес пеІрімшік деген қарны ашқа?Бір жеп алып, шүкірлікҚылайын деп аллаға,Тұмсығында ірімшік,Ойланып қарап тұр еді,Бір қу түлкі сорынаЖақын жерде жүр еді,Ішіне сақтап қулығын,Ептеп барып барлайды,Бұлғақтатып құйрығын,Қарғаның көзін алдайды.Тәтті тілмен, тәтті үнменСөйлесуге айналды:"Қарағым, не еткен сұлу ең!"-Деп таңырқап таңданды,-"Не еткен мойын, не еткен көз,Осыдан артық дейсің беЕртегі қылып айтқан сөз?Қалайша біткен, япырмай,Мұрныңыз бен жүніңіз!Періштенің үніндейДеп ойлаймын үніңіз.Осы көрікпен, Бұл жүнмен,Әншілігің белгілі,Ұялмай, қалқам, бір сайра,Біз де алалық үлгіні.Құс төресі біздергеСіз боларсыз бір күні".Басы айналды қарғаныңСұмның айтқан сөзіне.Қуанғаннан бөртініп,Бір мастық кірді өзіне.Өзіне біткен өңешінАямастан қарқ етті,Ірімшік жерге салп етті,Іс бітті, қу кетті 

Мұғалім: Сонымен балалар, Абайды тағы қандай қырынан көріп отырмыз?Абай аудармашыСіздер ,Абай аталарыңыздың қай қырын байқадыңыздар?

ІІІ топ: 1- оқушы:Абайдың қара сөздері балаға да, данаға да ой салатын, жақсылыққа жетелейтін ұлағаты мол қазына.

2-оқушы:  Абайдың Қара сөздері терең ой мен күрделі пікірге құрылған. Жақсы мен жаман туралы баяндайды, халқын алға ұмтылуға шақырады.

3-оқушы: -Абайды оқып, оны ойға түю, жүрекпен сезіну баршамыздың мақсатымыз.Сондықтан, "Сәулең болса кеудеңде, мына сөзге көңіл бөл"-деп қара сөздерге кезек берейік

4- оқушы: Абайдың 17-қара сөзі бойынша сахналық қойылымды тамашалаңыздар"Ғылым, жүрек, ақыл, қайрат"
ОН ЖЕТІНШІ СӨЗҚайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті. Қайрат айтыпты: «Ей, ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғынын; әуелі, өзіңді білуге ерінбей-жалықпай үйрену керек, ол - менің ісім. Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей-жалықпай орнына келтірмек те - менің ісім. Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәрліктен, көрсеқызар жеңілдіктен, нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады?» - депті.Ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын - мен, сенің сөзіңді ұғатұғын - мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды?» - депті.Онан соң жүрек айтыпты: «Мен - адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын - мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын - мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын - мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын - мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?» - депті.Сонда ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты:- Ей, қайрат, сенің айтқаныңның бәрі де рас. Ол айтқандарыңнан басқа да көп өнерлеріңнің бары рас, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны  да рас,  бірақ қаруыңа қарай қаттылығың да мол,  пайдаң да мол, бірақ залалың да мол,  кейде  жақсылықты  берік ұстап,  кейде жамандықты берік ұстап  кетесің, соның жаман, - депті.-Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Сенсіз ешнәрсе   табылмайтұғыны   да   рас.   Жаратқан   тәңіріні   де   сен   танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да - бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманныңекеуінің де сүйенгені, сенгені - сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман, - депті. - Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ - менің ісім, - депті.  Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жаны-діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден  қуып  шығарады.- Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, - деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам - сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп  кітаптың айтқаны осы, — депті.

Мұғалім:Қара сөздерін саралай отырып Абайды кім деп айта аламыз? Абай – ойшыл

.1-оқушы:- Абай қазақтың ән-күйін сүйіп тыңдаған. Жаяу Мұса, Біржан сал, Ақан сері, Тәттімбет сияқты халық сазгерлерін ерекше бағалаған.

2- оқушыӨзі де бірнеше ән шығарған. «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем,Қаламқас», «Сегіз аяқ»Яғни ,Абай –сазгер

.3-оқушы:- Құлақтан кіріп, бойды алар,Әсем ән мен тәтті күй.Көңілге түрлі ой саларӘнді сүйсең, менше сүй демекші,Енді Абайдың атамыздың "Көзімнің қарасы" әнін орындауға шақырамын.

Түйіндеу. Қамшының сабындай ғана қысқа өмірінде артына өшпес із, өлмес өсиет қалдырып кетуді ақын сөзімен айтсам:Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,Өлмейтұғын артына сөз қалдырған...Қасиетті қара сөздерінен ғибрат алып қана қоймай, өмірлік нұсқау алдық. Қазақ сөзінің киесі қонған бұл қара сөздер кез келгенімізге өмірлік бағыт-бағдар беруші, ақыл қосушы. «Әлемнің Абайы» өлеңі

1-жүргізуші: Абай біздің –Кемеңгер,Теңдесі жоқ асқар биік шыңымыз

,2-жүргізуші: Ақ ниетті, әділетшіл шыңымыз,Асыл қазына, ашылмаған сырымыз.

1-жүргізуші: Таусылмайтын мәңгі бақи жырымыз!

2-жүргізуші:Парасатты болып туған,Шыңғыстаудың Абайы

1-жүргізуші:.Ән мен жырын мұра қылған,Сарыарқаның Абайы,

2-жүргізуші:.Нақылменен сана құйған,Қазағымның Абайы,

1-жүргізуші: Ақылменен дана болған

Бірге: Бүкіл елдің Абайы Бүгінгі сабағымызды Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мына өлеңімен аяқтағым келеді.Асыл сөзді іздесең,Абайды оқы, ерінбе.Адамдықты көздесең,Жаттап, тоқы көңілге. Сондықтан, балалар, Абайдың өзі "болмасаң да ұқсап бақ" деген тілекпен,біз Абай атаны жадымызда ұстайық

Өткізген: Ыбышева А.К.

Просмотров: 380


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст